Тарихы

Компания
1942 - 1960 жж. 1960 - 1990 жж. 1990 - 2005 жж. 2005 жылдан бері

Ұлы Отан соғысы жылдары уақытында 1942 жылғы 16 қарашада КСРО Электр станциялары халықтық комиссариатының № 18 8/А бұйрығымен Главпромэнергомонтаж құрамында, «Сибэнергомонтаж» конторасының Орта Азиялық бөлімі базасында «Средазэнергомонтаж» монтаждау тресі құрылды. Трест өндірістік қызметін 1943 жылғы 1 қаңтарда оған «Сибэнергомонтаж» конторасының Орта Азиялық бөлімінің барлық қызметкерлері аударылғаннан кейін бастады.

1943 – алғашқы қызмет жылы «Средазэнергомонтаж» тресі 9,13 мың кВт электр қуаттылығын және жалпы бу өнімділігі 103 т/с құрайтын алты қазандықты пайдалануға берді.

Майдан қажеттіліктеріне байланысты «Средазэнергомонтаж» тресі өте жоғары қарқынмен дамыды.

Алғашқы екі жылда Ханабад, Хилково, Янгиюль, Фрунзе, Шымкент, Ангрен, Қоқанд, Шыршық және өзге де елді мекендерде отызға жуық монтаждау учаскелері құрылды. Соғыс жылдары Трест қызметкерлері Ташкент және Фрунзе қалаларындағы ауыл шаруашылығы машиналары зауыты, Қатта-қорған станциясындағы май-экстрактты зауыты, Хилково станциясындағы цемент зауыты, Янгиюль және Шыршық станцияларындағы қант зауыттары, Ханабад станциясындағы илегіш-экстрактты зауыт, Ангрен және Шыршық станцияларындағы металлургиялық зауыттар, Ангрен станциясындағы «Сталинуголь» көмір тресі, Беловодск қант зауытындағы ЖЭО және көптеген басқа да нысандарда құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысты.

Трестің алғашқы жетекшісі Товкач Дмитрий Миронович болды. Ол Трестің басқарушысы болып КСРО Электр станциялары халықтық комиссариатының бұйрығымен 1943 жылы 3 қаңтарда тағайындалған. 1943 жылғы 15 қыркүйекте оны бұл лауазымда Тришин Алексей Михайлович алмастырады. 1944 жылғы 28 тамызда «Средазэнергомонтаж» тресінің басқарушысы болып Журавлев М.Н. тағайындалды.

«Средазэнергомонтаж» тресі ұжымының саны 1942-1943 жылдары 420 адамға жуық болды.

1945 жылы Трест басқармасы қызметкерлерін және негізгі желілік қызметкерлер тобын тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысы басталды.

1951 жылы «Средазэнергомонтаж» тресінің басқармасы Қазақ КСР астанасы – Алма-Ата қаласына көшіріліп, Трест «Қазақэнергомонтаж» атын иеленді. Трест басқарушысы болып Иванов В.М. тағайындалды. 1957 жылы оны бұл лауазымда Иевлев Глеб Иванович ауыстырды. Ал 1958 жылы Трест өзінің бұрынғы атауын қайтарып алып, «Средазэнергомонтаж» тресі аталды.

50-жылдары Трест Усть-каменогорск ЖЭО, Ақтөбе ЖЭО, Алма-Ата 1-ЖЭО, Лениногорск ЖЭО, Екібастұз ЖЭО, Семипалатинск ЖЭО, Уральск ЖЭО, Балқаш ЖЭО, Ангрен МАЭС, Кентау қаласындағы ЖЭО, Фрунзе ЖЭО, Ферғана ЖЭО, Ора Азия және Қазақстан өнеркәсіптік кәсіпорындарының қазандықтары мен ЖЭО-лары, Қарағанды 1-МАЭС және 1-ЖЭО, Жезқазған ЖЭО, Шымкент 1-ЖЭО және 2-ЖЭО сынды жылу электр станцияларында қондырғыларды монтаждауға кірісті.

Бұл кезеңде шетел және отандық фирмалар мен зауыттар өндірген орта қысымды қондырғылар, өнімділігі 35-110 т/с қазандықтар және қуаттылығы 6-12 МВт турбоагрегаттар монтаждалды.

Жұмыс географиясының кеңеюіне байланысты Трестің келесі аталған монтаждау басқармалары мен іске қосу-жөндеу учаскелері құрыла бастады: Қарағанды монтаждау басқармасы (1947 жыл), Алма-Ата құрылыс-монтаждау басқармасы (1950 жыл), Алма-Ата шаруа-есептік іске қосу-монтаждау учаскесі (1952 жыл), Павлодар монтаждау басқармасы (1957 жыл).

«Средазэнергомонтаж» тресінің монтаждау учаскелері социалистік жарыстарға белсенді қатысты. Учаскелер ұдайы түрде бір-бірін жарысқа шақырып, ал жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталып отырды. Сондай-ақ, ай сайын Үкіметтік және партиялық ведомство шешімдерімен жалпыодақтық социалистік жарыс жеңімпаздары анықталып отырды. «Средазэнергомонтаж» тресі мұндай жарыстарда 1958 жылға дейін 2 мәрте алтыншы орын және 6 мәрте үшінші орын иеленді. Бұл – ол уақыттағы ең үздік жетістіктердің бірі саналатын.

1960 жылы «Средазэнергомонтаж» тресі Кеңестік Одақтың қуаттылығы 2 400 МВт жоғары қысымды қазандықтары бар ең алғашқы ірі электр станцияларының бірі – Ермак МАЭС-ін (бүгінде Ақсу электр станциясы) құру жұмыстарына қатысты. Оның 300 МВт-тық алғашқы энергоблогі 1968 жылғы 17 желтоқсанда іске қосылды. «Средазэнергомонтаж» тресінің мамандары одан кейінгі 7 энергоблокті 1969-1975 жылдар аралығында іске қосты.

Бұл кезеңде Павлодар, Қарағанды ЖЭО-тары, Алма-Ата, Ташкент, Сырдария станциялары «САЭМ» тресінің мамандарының қатысуымен бой көтерді. Өзбекстанда Трест ірі Новоангрен МАЭС-інің әрқайсысы 300 МВт құрайтын 6 энергоблогін пайдалануға берді.

1964 жылы Орта Азия және Қазақстан аудандарында жылу электр станцияларының құрылысында монтаждау жұмыстарын жүргізуге мамандану мақсатында «Средазэнергострой» тресінің «Средазэнергомонтаж» монтаждау басқармасы «Средазэнергомонтаж» жылу механикалық қондырғыларын монтаждау бойынша Орта Азиялық мемлекеттік одақтық трест болып қайта құрылып, КСРО Энергетика және электрификация министрлігінің Главтеплоэнергомонтажына бағына бастады. КСРО Энергетика және электрификация бойынша мемлекеттік өндірістік комитет төрағасының бұйрығымен «Средазэнергомонтаж» тресіне келесі ұйымдар қосылды: Ташкент қаласындағы біріккен монтаждау учаскесі, Фрунзе, Алма-Ата, Абай, Усть-Каменогорск, Павлодар монтаждау учаскелері, Алма-Ата қазандық-көмекші қондырғылары мен құбыр өткізгіштер зауыты, «Средазэнергострой» тресінің «Средазэнергомонтаж» монтаждау басқармасының жобалық конторасы.

Жаңадан қабылданған жұмысшыларды оқыту мен қызметтегі монтажшылардың біліктілігін көтеру мақсатында 1965 жылы Трест жүйесінде Оқыту-курс комбинаты құрылып, онда барлық монтаж мамандықтары бойынша жүздеген инженер-техникалық жұмысшылар білім алды. Бұл Трест орындайтын монтаж жұмыстарының сапасын арттыруға негіз болды.

1966 жылы 1 маусымда Алма-Ата қаласында тасымал қызметін жүзеге асыру үшін «Средазэнергомонтаж» тресінің өзіндік автобазасы ұйымдастырылды. Трест бұл жылы 48 жүк автокөлігіне ие болып, жыл сайын транспорт санын 3-4 көлікке арттырып отырды.

1966 жылы Трест құрамынан жеке ұжым ретінде «Средазэнергомонтажизоляция» тресі бөлініп шығып, жылу-оқшаулау мен қондырғыларды химиялық қорғау жұмыстарын орындауды өз міндетіне алды. 1969 жылы Трест құрамынан жоба-технологиялық бөлім де бөлініп шығып, ол КСРО Энергетика министрлігінің «Энергомонтажпроект» Москва институтының бөлімшесі болып қайта құрылды. 1973 жылы Трест құрамынан Трест салған және Трестке жұмыс істеген стандартты емес қазандық-көмекші қондырғылар мен құбыр өткізгіштері блоктарын әзірлеу зауыты бөлініп шықты.

1974 жылы әрқайсысы 500 МВт-тық 8 энергоблокты ірі станция – Екібастұз 1-МАЭС құрылысы басталды. «САЭМ» тресі станцияны рекордты қарқынмен пайдалануға беріп, 1980, 1981, 1983 жылдары екі блоктан іске қосып отырды. Ал 1982 және 1984 жылдары бір блоктан пайдалануға берілді.

Аталған кезеңде бірнеше монтаждау басқармалары құрылды. Олар: Жамбыл монтаждау басқармасы (1965 жыл), Екібастұз жылу монтаждау жұмыстары басқармасы (1977 жыл), Өзбекстан республикасының Нурадаб қаласында Новоангрен монтаждау басқармасы (1985 жыл).

1979 жылдан бастап КСРО Министрлер кеңесі қаулысына сәйкес және КСРО Энергетика және электрификация министрінің бұйрығымен шет мемлекеттерге нысандар құрылысы мен пайдаланылуына техникалық көмек көрсету мақсатында «Средазэнергомонтаж» тресінің көптеген мамандары әлемнің бірқатар еліндегі нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстарына қатысты. Олардың қатарында – «Рамин» ЖЭС (Иран), «Чойбалсантэсстрой» ҚМБ, «Монголэнергострой» тресі, Ұлан-Батор қаласының 4-ЖЭО (Моңғол халықтық республикасы), Скопье қаласындағы ЖЭО (Югославия социалистік федеративті республикасы), «Гавана» ЖЭС, «Ренте» ЖЭС, «Пунта-Горда» ЖЭО (Куба республикасы), «Гудду» ЖЭС (Пакистан ислам республикасы), «Фалай» ЖЭС (Вьетнам социалистік республикасы), Аджаокута қаласындағы ЖЭО (Нигерия), «Сирт» АЭС (Ливия), «Козлодуй» АЭС (Болгария), «Аминдеон» ЖЭС (Греция), «Аден» ЖЭС (Йемен), Ассабе қаласындағы ЖЭО-МӨЗ (Эфиопия), «Тишрин» ЖЭС (Сирия), «Жижель» ЖЭС (Алжир), «Горозал» ЖЭС (Бангладеш), «Кахалгаон» ЖЭС (Индия) және көптеген басқа да энергетикалық нысандар бар.

Сексенінші жылдардың соңында «Средазэнергомонтаж» тресінің құрамында он бір монтаждау басқармасы, іске қосу-жөндеу басқармасы және технологиялық жинақтау басқармасы болып, кәсіпорында бес мыңға жуық адам жұмыс істеді. Бір жылда пайдалануға берілетін өндірістік қуаттылықтардың жалпы сомасы бір миллионға жуық киловатты құрап, бу генераторларының жалпы қуаттылығы сағатына 3,5-4 мың тоннаға жетті. Монтаждалатын турбоагрегаттардың қуаты 500 мың кВт-қа жетіп, бу генераторларының өнімділігі сағатына 1600 тонна буға артты.

ХХ ғасырдың 1990 жылдары КСРО ыдырауына байланысты экономиканы индустриализациясыздандыруға байланысты «Средазэнергомонтаж» тресі үшін ең ауыр кезең болды. Электр энергетикасы саласын қаржыландыру толықтай тоқтатылды. Бұл кезеңде «Средазэнергомонтаж» тресі қызметкерлерінің саны бес жарым есе қысқарды.

Бірақ қиындықтарға қарамастан Екібастұз отын-энергетикалық кешенін құру жалғасып, Екібастұз 2-ЖЭО іске қосылды. Оның бірінші блогі 1990 жылы 25 желтоқсан күні пайдалануға берілді. Трест қуаттылығы 500 мың кВт құрайтын Екібастұз 2-МАЭС екінші энергоблогін 1993 жылы пайдалануға берілді. Бұдан кейін Трест өз қызметінің бағытын өзгертіп, жөндеу жұмыстарына маманданса, кейін бірте-бірте өз ресурстарын сарқып бастаған станцияларды жаңғырту ісіне мамандана бастады.

1991 жылы еңбек ұжымы конференциясының шешімі негізінде Трест Қазақстан Республикасы Энергетика және отын ресурстары министрлігінің жүйесінде «Средазэнергомонтаж» арендалық тресі болды. 1993 жылы арендалық трест қайта құрылып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік формасындағы «Средазэнергомонтаж» тресі болып тіркелді.

Бұл кезеңде Трестің тапсырыс берушілері Екібастұз 1-МАЭС, Павлодар 1-ЖЭО және 2-ЖЭО, Жезқазған ЖЭО, Теміртаудағы «Испат Кармет» екі станциясы, Ақсу ЖЭС (бұрынғы Ермак МАЭС) болды. Ақтөбеде қуаттылығы 100 МВт газ турбинасы, қазандық-утилизатор және АВВ фирмасының 30 МВт-тық бу турбинасы монтаждалды.

1995 жылдан бастап он жыл ішінде «Средазэнергомонтаж» тресі бірнеше рет қайта құрылып, меншік формасын өзгертті. Егер 1995 жылы Трест ашық типті акционерлік қоғам болған болса, 1999 жылы ашық акционерлік қоғам атанды.

Бұл жылдары монтаждау басқармаларының бір бөлігі өзге мемлекеттер аумағында қалса, кейбірі қайта құрылды. Аймақта көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындардың жабылуына байланысты энергияның жаңа көздеріне деген қажеттіліктің болмауына қарамастан, Трест қызметкерлері жаңа қуаттылықтарды іске қосу мен қондырғыларды монтаждау жұмысын тоқтатқан жоқ. 1995-2005 жылдар аралығында Ақтөбе қаласында қуаттылығы 100 мың кВт газ турбинасы, Уральск және Қызылорда қалаларында бу турбиналары, Бішкек ЖЭО-нда қуаттылығы 110 мың кВт бу турбинасы, Ақтөбе қаласында ПСУ-37 тәжірибелік турбоқұрылғысы, Теміртау қаласындағы ЖЭО-ПВС-да бу турбиналары монтаждалып, іске қосылды.

2005 жылы «Средазэнергомонтаж» тресі акционерлерінің жалпы жиналысының негізінде Трест атауының «Трест Средазэнергомонтаж» акционерлік қоғамы болып өзгеруіне байланысты қайта тіркеу жүзеге асырылды.

Шетелдік инвестиция тартудың арқасында «Трест Средазэнергомонтаж» АҚ бүгінде белсенді жұмыс жасайтын солтүстік аумақта монтаждау жұмыстары күшейді.

2005 жылдан бері  «Трест Средазэнергомонтаж» АҚ компаниялар тобы мамандары Астана 1-ЖЭО, 2-ЖЭО-нда, Петропавл 2-ЖЭО-нда және Павлодар 3-ЖЭО-нда жалпы қуаты 862 МВт турбоагрегаттарды, жалпы өнімділігі 2 720 бу қазандықтарын және жалпы өнімділігі 940 Гкал/с су жылыту қазандықтарын пайдалануға берді. Сондай-ақ, жалпы суландыру аумағы 4 800 м2 үш градирня іске қосылды.

2008 жылы Трест құрамына «Средазэнергомонтаж Петропавл» ЖШС кірсе, 2009 жылы «ЦЕНТРКАЗЭНЕРГОМОНТАЖ» АҚ қосылды. Дәл осы жылы Трестің еншілес кәсіпорны «Средазэнергомонтаж Павлодар» ЖШС құрылды. 2011 жылдан «Трест Средазэнергомонтаж» АҚ құрамында екі еншілес ұйым – «САЭМ Инжиниринг» ЖШС мен «САЭМ Автоматика» ЖШС жұмыс істеп, 2016 жылы олар «Трест САЭМ» АҚ Жылу монтаждау жұмыстары басқармасы және Электр монтаждау жұмыстары басқармасы болып қайта құрылды. Трестің тағы бір еншілес кәсіпорны – «САЭМ металл құрастырылымдар зауыты» ЖШС 2010 жылы құрылып, 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында «Средазэнергомонтаж Павлодар» ЖШС құрамына кірді.

2013 жылы «Трест Средазэнергомонтаж» АҚ жыл сайынғы «Қазақстан HR-бренді – 2013» тәуелсіз жүлдесі байқауына «Біздің даму бағытымыз» жобасымен қатысып, «Қазақстан» аталымы бойынша ІІ орын алды.

2017 жылы «Трест Средазэнергомонтаж» АҚ өзінің жетпіс бес жылдық мерейтойын атап өтті.

+7 (7172) 249-422 office@saem.kz